Жеті атасын білген ер - Жеті жұрттың қамын жер



Құжатқа мағлұмат
  • Қаралу саны: 2096
  • Автор: Маня
  • Қосылған күні: 19-07-2012, 15:18
19-07-2012, 15:18

Қалбай Әбдіраман

Санаты: Талқылау

ТЕМІР ТАПҚАН БАЙТАҒЫМ!..

(Атырау облысында Атамыз Есентемірге
арналған ескерткіш-белгінің ашылу салтанатына)

Қуанғаннан Қазақтың нарқы асқанға,
Сен туралы сөз айттым жантасқанға.
Елім-халқым,Әулием, аман болсаң,
Шегелейін мен сені алты аспанға!.

Бұл Байтақты өзіңсің бірінші ашқан,
Бірінші ашып,әулеттің гүлін шашқан.
Жеті жүз жылдан бері билігіңде,
Көкке қарап мен тұрған
бірінші аспан!..

Адайың да мінеки, Берішің де,
Он екі бауырың ойнап жүр ел ішінде.
Есентемір Атамның орынтағы,
Аллатағаланың сәл ғана берісінде...

Хан көңілді халықпыз Қазақ деген,
Қазақ деген Құдайдан аз ақ төмен.
Жетпіс жеті бабасын жатқа білген,
Санаспауға бола ма ғажаппенен?!.

Міне осыдан не керек басқа маған,
Қол созып тұр миллионнан асқан адам.
Поезбенен,мәшінмен,тік ұшақпен,
Алматыдан ,Ақтаудан,Астанадан!..

Ана Жердің бойлығы ,белдігінен.
Мұхит,теңіз,ендігі,кеңдігінен.
Бірін-бірі құттықтап ұрпақтарың,
Америкадан да шатырхат келді білем!

Әулиесің сен,Ата,имандысың,
Менің дағы бойымда жиған күшің.
Атажұртқа қараймын,тіктегім кеп,
Ғасырлардың сындырған қирандысын...

Жүрегің тұр денемде дүрсілдеген,
Мың-мың тұлпар алаңы тылсым денем.
Менен саған қан құйса тірілтеді,
Ата,сені орынынан тұрсын деген.

Таудан биік!..
(Тауыпсың аласаны!..)
Атам мынау-
Қазақтың қара шалы!..
Қырық,бәлкім асады елу мыңнан ,
Өніп-өскен бұл Шалдан бала саны!..

Осы Шал жан сұраса мен берем деп,
Бар қауым махаббатпен қарасады.
Егер мен артық айтсам қызғаныштан,
Мынау ел мені өлтіріп ...
Тарасады!..

Шұғыламыз!..
Аман бол,құбыламыз!..
Барыңды айтпай біз неге бұғынамыз.
Босағаңды маңдайға тауап етіп,
Байтағыңа біз әлі шұбырамыз.

Алтай жақта қара орман көктетіп ең,
Балқан тауға Адаймен кеп кетіп ең.
Секіріп тұрып сен тепсең ,Асыл Ата,
Шегаралар түседі... етпетінен!..

Құдық қаздың,малыңа өріс таптың,
Егін салдың,тас үңгіп,кеніш таптың.
Жеті ғасыр жасаған Атамыздан,
Айтыңдаршы қайбірің кеміс таптың?!.

Алатаудың іздерің бөктерінде,
Қаратаудың жұлдызың көктерінде.
Хан домалап тағынан... сәлем берер,
Ханшатырдың қасынан өткеніңде.

Ұлым десең мен дағы жайраңдармын,
Келіп кетіп кемді күн сайрандармын.
Құлсарыда жатқанмен топырағың,
Қолдауында Мұхаммед пайғамбардың!..

Атыңдар менен күшті мерген болса,
Айтыңдар көмейге сөз келген болса.
Ән салып,өлең айтып,Атамызды,
Біз қазір тірілтеміз...
Өлген болса!..

9.09.2011 жыл


«Жұлдыз» журналы
2011 жыл №1 сан 63-64-65-66 беттер
Қалбай ӘБДІРАМАН
«ҚАЗАҚНАМА» 2-том
ОН ЕКІ ШАЛ

Сүт тараған елденбіз, құт қараған,
Абзал жандар туады мықты анадан.
Құдайы бар елденбіз, иманы бар,
Тілден аман болғаймыз, сұқтан аман!

Теңізің көк, тауларың сүттен аппақ,
Сұңқар ұшқан, басыңа құт қонақтап.
Ақ желкенін жел үрлеп, ақ кемелер,
Көкжиекке зулайды тік қарап қап.

Ақсақалы мақтадан шалым дүрдей,
Шал алдында шалқыған бәрің бірдей.
Аяқ баспа, жолаушым, Маңғыстауға,
Әулиенің алдымен санын білмей!

Қара шайы таңдайда сүтпен ішкен,
Қарамайы атылған құт- кеніштен.
Бай атаның бәріміз баласымыз,
Қарсы келген ажалмен тік көріскен.

Жігіттері қыз қуған тұлпарымен,
Сұлтандары кеңескен ұлтанымен.
Он екі мың отауға жайғаспайды,
Он екі шал шыққанда ұрпағымен.

Аруақтарым ардақты анталаған,
Батырларым көздері қанталаған.
Кесенесі жебелі Маңғыстаудың,
“Адай” сынды әлемге ән тараған!

Қобыздары қанатты қыл бұраған,
Ғалымдары теңізді бұрғылаған.
Сілкіп жібер кезімде сылбыраған,
Тіктеп жібер кезімде бір құлаған!

Он екі шал!
Он екі аймақты алған,
Біздер үшін жер кезіп, сайды ақтарған.
Емін-еркін жүрсін деп ұрпағымыз,
Жер-суыңа рахмет сайлап қалған!

Ұрпағымыз аруақты аталардың,
Аржағында жатырған жоталардың...
Он екі шал, отырып аулағында,
Маңдайынан сипашы боталардың!

Бірің жерден жебесіп, бірің көктен,
Жырымды өктем қылыңдар, үнімді өктем!
Айналайын атыңнан, он екі шал,
Үш жүз алпыс екі әулиені дүрілдеткен!

Жүрегімде жүрсіңдер бірің де өлмей,
Қитыққанда қайтейін қырын келмей.
Неге маған біреулер сөз айтайды,
Көкірегімнің бір қарыс түгін көрмей.

Демегейсің атымнан ауып түссем,
Жүрегіңнен қайтейін жанып түссем.
Алты алаштың алынған кегі дерсің,
Бір дұшпанды астыма алып түссем.

Қайран жұртым, қазағым, қайдасыңдар,
Жүрегімнен таралған майда сымдар?!.
Он екі шал барады алдарыңа,
Ақ орданың төріне жайласыңдар!

Қайда жүрсің қазақтың мықтырағы,
Қазақ қалай иманын жықтырады.
Он екі шал түскенде ыңыранып,
Он екі мың әулиең тік тұрады!
05.IV.2004 жыл

АЛДОҢҒАР

1
Мен қазаққа бас ием құларымда,
Мен қазаққа сүйенем тұрарымда.
Бар кiтаптан қадiрлi бiр кiтап бар,
Әрқашан да сол кiтап тұмарымда!

Шығар шыңым сол кiтап, асқар әнiм,
Сол кiтапты оқысам жақсарамын.
Өз үйiмде онысыз басқа болып,
Өгей болып,ез болып, ластанамын.

Сол арқылы тарихтан iзделемiн,
Сол болмаса жалғыз қап түзде өлемiн.
Айналайын, Қазағым,шежiреңнен,
Сен барында гүл болып құзға өнемiн!..

Iзiмдегi сенемiн ұлдарыма,
Жеткiзер деп жетпеген жылдарыма.
Мен көрмеген таулардың аржағында,
Сенiп кетiп барамын НҰР барына!..

Бар әркiмнiң өмiрден өз үлесi,
Үзiлмегей созылған қозы көшi.
Соңымыздан үрбидi тарамдалып,
Жазылмаған Қазақтың ШЕЖIРЕСI.

Соңым барда сенемiн өлмесiме,
Жыр оқимын iлесiп жел көшiне.
Күй боламын,ҚАЗАҒЫМ,
Ән боламын,
Домбыраңның iлесiп пернесiне!..

Айналайын тегiмнен, сүйегiмнен,
Бабаларын өзiнiң КИЕ бiлген.
Мен СЕНДЕРМЕН қосылып жасап жүрем,
Жаным шығып кеткенде иегiмнен !

Алысқысы келгендер,алысыңдар,
Сендер дағы Құдайдың жанысыңдар!
Шежiрелi ҚАЗАҚтың баласымын,
Жасайтұғын көбiрек... шансым бар!..

Орыным бар қаламның картасынан,
Биiк-биiк таулардың жартасынан.
Секiрiп тұрып тепкенде бiздiң шалдар,
Шегаралар түседi... шалқасынан!

2
Алдыңғысы ойласқан iздегiмен,
Iздегiсi ойласқан жүздегiмен.
Мәңгiлiктiң бастауы бабаларым,
Тырна көшiп баратқан тiзбегiмен!

Жанымдасың,БАБАЛАР, қанымдасың,
Сол үшiн де өзгеден арым басым.
Өз атасын бiлмеген тегi төмен,
Қармалайды өзiнiң қарындасын!..

Алла,Құдай,айналдым әмiрiңнен,
Аталарым тiлдескен Тәңiрiммен.
Жол таптым қатты аспанның аржағына,
Нұрланып мен сендердiң...жарығыңмен!..

Iлесiп iздерiңнен әрi бардым,
Мен бәлкiм ғасырлардан табылармын...
Болашақта белгiсiз кiм болары,
Ата тегiн бiлмеген... жануардың!..

Жанымдасың, ӘЗ БАБА, қанымдасың,
Сол үщiн де өзгеден арым басым.
Өгей болып өтесiң,жетiм болып,
Өз әкеңнен бiр рет жаңылғасын!

Талай рет басыңа қауiп төнер,
Жаңсақ бассаң жұлдыз ол- жарық берер.
Адассаң да әрқашан көппен адас,
Бiр ағайын жолыңды тауып берер...

Мен ҰЛТЫМДЫ тiлеймiн өрлесiн деп,
Жүрегiмдi от қосып тербесiн деп.
АЛДОҢҒАР!..деп әдейi айғайладым,
Маңдайыма жақсылап..,
МӨРЛЕСIН ДЕП!.

Сөздерiңе сөз қостым серлесiн деп,
Серлемеген азырақ...терлесiн деп.
Бiрiн бiрi тұқыртып БIЗДIҢ ШАЛДАР,
Өздi өзi жағаласа бермесiн деп...


Алдарыңа ат тарттым ерлесiн деп,
Өлеңiме енгiздiм өлмесiн деп.
МЕН ҚАЗАҚТЫҢ ХАТ ЖАЗДЫМ ӘРБIРIНЕ,
АЯҒЫНА...ҚИСАЙСАМ...
ЖЕРЛЕСIН ДЕП!..

3
Қол жайдым Һаққа қарап таң атқанда,
Жалынып,жалбарынып ЖАРАТҚАНҒА:
ТӘҢIРIМ,ақтайтұғын адвокат бер,
Күштiлер күшiгiне талатқанда!

Қол жайдым Һаққа қарап таң атқанда,
Жалынып жалбарынып жаратқанға:
Тәңiрiм,ақтайтұғын адвокат бер,
Жалғыз қап жүрегiмнен қан аққанда!.

Мен қазақ қуанамын қуанғанда,
Тост айтып топтың басы құралғанда.
Сыртынан мен елiмнiң байып жүрмiн,
Құдайым жеткiзгендей бiр арманға.


Бiр ақын шығар болса әр АТАдан,
КИЕсi келдi өлеңнiң ҚАРАТАБАН.
Көрiнен Мұқағали аунап түстi,
Мен анау кiрген кезде... ВОРОТАДАН!..

Қасыма туыс,бауыр,бөтен келдi,
ТӘҢIРIМ,қолда қолды көтергендi!
Әр халық бастан сипап өз баласын,
Көңiлге содан аздап...секем келдi!

Таласып бұта өседi тал-қайыңға,
Қазағым аман болсын әрдайым да.
Сүйенер ешкiмiм жоқ содан бөлек,
Аманмын сол ҚҰДАЙдың шалғайында!..

Таласып бұта өседi тал- қайыңға,
Мен бармын қазақ барда маңдайымда!
Ел-жұртым,сен де жоқсың,мен де жоқпын,
Бiреу кеп көзге түртсе дардайымда!..

Ағалар аман болсын елеңдеген,
Iнiлер аман болсын ерем деген!
Бiр өлең әрбiрiңе жазып берем,
Артыңды сыпырсаң да өлеңменен!
2005 жыл.
Құрметті пайдаланушы, сіз сайтымызға тіркелмей кіріп отырсыз.
Біз сізге тіркелуді немесе өз атыңызбең кіруді ұсынамыз.
<
temir

19 шілде 2012 15:24

Пікір жайлы мағлұмат
  • Топ: Тіркелген пайдаланушы
  • ICQ:
  • Тіркелген: 19.07.2012
  • Статус: Пользователь offline
  • Құжат саны: 0
  • Пікір саны: 10
Өлеңдерің ұнады, бауырым. Әсіресе "Алдоңғар" деп атаған туынды тамаша екен!
<
aika_esentemir

22 тамыз 2012 21:50

Пікір жайлы мағлұмат
  • Топ: Тіркелген пайдаланушы
  • ICQ:
  • Тіркелген: 22.08.2012
  • Статус: Пользователь offline
  • Құжат саны: 0
  • Пікір саны: 3
оте тамаша олен жолдары! окыганда бойына куш береди......
<
Nurzhan.T

27 желтоқсан 2012 22:13

Пікір жайлы мағлұмат
  • Топ: Тіркелген пайдаланушы
  • ICQ:
  • Тіркелген: 27.12.2012
  • Статус: Пользователь offline
  • Құжат саны: 0
  • Пікір саны: 1
Алдонгар дегенді оқығанда денем тітіркеніп кетті, олең күшті екен
<
Zheksen Ruslan

27 желтоқсан 2012 22:25

Пікір жайлы мағлұмат
  • Топ: Қонақ
  • ICQ:
  • Тіркелген: --
  • Статус:
  • Құжат саны: 0
  • Пікір саны: 0
''Алдонгар'' Oleni Keremet.Ozge olenderde Kushtiiii

Пікір қосу

Аты-жөніңіз:*
E-Mail:
Пікір:
Кодты енгізіңіз: *